Өмірбаяны

Өмірбаяны
Әдебиет сыншысы, жазушы, филология ғылымының докторы (1965), профессор (1967), Қазақстан Ғылым академиясының академигі(1970), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1974)

Биография


Қаратаев Мұхамеджан Қожасбайұлы

(1910-1995)

Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтын, Ленинградтың Тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, төрағасы қызметтерін атқарған. Қазақ педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, Жамбыл педагогикалық училищесінің оқытушысы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының редакторы, бас редакторының орынбасары, директоры, Қазақстан Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және тіл институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, Қазақ совет энциклопедиясының бас редакторы болған. 1988 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Республикасы ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының бас кеңесшісі болып істеген.

Ол 1938-1951 жылдары аралығында жалған айыппен саяси қуғынға ұшыраған. М.Қаратаев 1934 жылдан жаңа дамып келе жатқан қазақ кеңес әдебиетіне қызу араласты.

Оның алғашқы күрделі еңбегі - С.Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы туралы мақаласы. Әдеби жұртшылық арасында үлкен айтыс туғызған бұл поэманың көркемдік-идеялық құны туралы дұрыс талдау жасады. Ғ.Мүсіреповтің «Шұғыла» повесі туралы да оның сол кездегі мақаласы жұртшылық назарын аударды.

М.Қаратаев тұтас алғанда қазақ әдебиетінің түрлі мәселелерін қамтыған жеті жүзден астам мақаланың, қырықтан аса кітаптың авторы. Ғалым еңбектерінің негізгі арқауы - қазақ әдебиетінің тарихи жолы мен өсу сатылары, туған елдің топырағынан жаралып, ана сүтімен енген ұлттық дәстүр, оның жаңа сапада қалыптасуы, түр мен мазмұнның біте қайнасып, шеберліктің шыңдалуы. Сонымен қатар көркем әдебиеттің эстетикалық мұраты жөнінде де толымды пікірлер айтты. Көркем шығармашылықпен де шұғылданды. Оның «Даладағы дабыл» атты көркем публицистикалық романы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді.

Ол көркем аударма саласына да елеулі еңбек сіңірді. М.Горькийдің «Менің университеттерім», М.Шолоховтың «Тынық Дон» романының 3 кітабын қазақ тіліне тәржімалады. Сондай-ақ көркем аударма теориясын дамытуға қызу ат салысып, қазақ әдебиетін орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне аударудың негізгі мәселелері жайында сүбелі еңбектер жазды.

М.Қаратаев - көптеген оқулықтардың авторы, хрестоматиялардың құрастырушысы. 6 томдық Қазақ әдебиеті тарихының үш томының, орыс тілінде шыққан Қазақ әдебиеті тарихының кеңестік дәуіріне арналған томының бас редакторы және негізгі авторларының бірі болды. Сыншының бірсыпыра еңбектері орыс тілінде де жарық көрген.

«Асулар алда» атты сын кітабы үшін Қазақстанның Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алды. Ғылымға сіңірген көп жылдық еңбегі үшін Қазақстан Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері болды.

«Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.