Өмірбаяны

Өмірбаяны
Мемлекет қайраткері, тарихшы-ғалым, профессор, Алматы мемлекеттік медицина институтын ұйымдастырушы және тұңғыш ректоры

Биография


Асфендиаров Санжар Жафарұлы

(1889-1938)

Ташкенттегі реалдық училищені, Санкт-Петербордағы әскери медициналық академияны бітірді.

1914-1915 жылдары бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысты.

1917 жылы Бұхарадағы мұсылман қозғалысына белсене араласты. Сол жылғы қараша айында Түркістан автономиясын («Қоқан автономиясын») жариялаған Мұсылман депутаттарының төтенше съезіне қатысты.

1918-1919 жылдары аштықпен күрес жөніндегі төтенше комиссияның Сырдария облыстық бөлімшесін басқарды.

1919 жылы қыркүйекте Т.Рысқұловтың шақыруымен Ташкентке келіп, Түркістан АКСР-інің Денсаулық сақтау халық комиссары, Жер халық комиссары, Түркістан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды.

1924-1928 жылдары Қазақ АКСР-нің Өзбек КСР-і үкіметі жанындағы өкілетті өкілі, Бүкілодақтық атқару комитетінің Төралқа мүшесі, хатшысының орынбасары, Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, Н.Нариманов атындағы Шығыстану институтының директоры қызметтерін атқарды. 1928 жылдан Қазақстанда еңбек етті.

1931-1933 жылдары Қазақ АКСР-і денсаулық сақтау халық комиссары, Алматы мемлекеттік медицина институтының ұйымдастырушысы және тұңғыш ректоры болды. Аспандияров осы институтта жалпы химия, биология, физика пәндерімен бірге анатомия, қалыпты физиология, ішкі аурулар, гистология, микробиология, фармакология, биологиялық химия, гигиена бөлімдерін және хирургиялық кафедралар ашты. Ғалым жұқпалы аурулармен күреске, аурулар мен індеттердің алдын алу шараларына, халыққа ақысыз көмек көрсету жұмыстарын жолға қоюға көп еңбек сіңірді. Халық арасында жиі кездесетін туберкулез, шешек, оба, сүзек, тері ауруларына қарсы медициналық көмек ісін ұйымдастырды. Орта дәрежелі оқу орындарында, қысқа мерзімді арнаулы курстарда әр түрлі буындағы медицина мамандарын көптеп даярлауға күш салды.

Аспандияров Қазақстан тарихының күрделі мәселелерін зерттеген белгілі ғалым болды. Қазақ ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институты тарих секторының меңгерушісі, КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық базасы, кейіннен филиалы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.

Ол орыс, ағылшын, француз, араб тілдерін жақсы меңгерген. Шет тілдерін білгендігі арқасында көптеген елдердін мәдениетін, әдебиетін және тарихын тереңінен зерттеп, қазақ елінің тарихын талдап, зерттеп, бірнеше ғылыми материалдар шығарды. Кейіннен оның Ресейдің Қазақстанды жаулап алу жөнінде ашық айтылған, отаршылдықты әшкерелеген тарихи шығармаларын оқуға тыйым салынды.

Оның «Қазақстанның ерте дүние тарихы», «Қазақстанның өткен кезеңі», «Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт азаттық күресі» атты монографиялары бар. Ғалым - жалған жаламен ату жазасына кесілген саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі. Жұбайы Рабиға да КарЛАГ-та 5 жыл айдауда болды. Аспандияров 1958 жылы мамырдың 26-ында ақталды.

Қазақстанның мемлекеттік ғылыми-қоғамдық жұмыстарын жүргізгені және білім мен денсаулық сақтау салаларына сіңірген еңбегі үшін 1989 жылы қаңтардың 11-інде Қазақстан Министрлері Кеңесінің қаулысымен Алматы мемлекеттік медицина институтына ғалым есімі берілді. Алматы қаласында бір көше ғалым есімімен аталады.