Өмірбаяны

Өмірбаяны
Қазақ тілі ғылымының теориясын қалыптастырып, практикамен байланыстырған алғашқы тілші ғалымдардың бірі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі

Биография


Аманжолов Сәрсен Аманжолұлы

(1903-1958)

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген.

1931-1942 жылдары Қазақ педагогикалық институтының оқытушысы, қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, Қазақтың ұлттық мәдениетін зерттеу институтының директоры, ғылыми хатшысы, КСРО Ғылым академиясы Қазақстан филиалының тіл және әдебиет секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды.

1942-1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысты. Сол жылдарда қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, жауынгерлер арасында саяси-тәрбие жұмыстарын жүргiзді. Кеңес Одағының батырлары жөнiнде ақпараттар жариялап, қазақ тiлiнде «Қызыл армия үгiтшiсi блокнотының» жауапты редакторы болды.

1946 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының бөлім меңгерушісі болып істеді. Ғалым жалпы тіл білімі мен қазақ тіл білімінің теориялық негізін қалыптастыруда А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов бастаған ғылыми жұмыстардыы ілгері жалғастырды. Ол жазған қазақ тілі оқулықтары мен бағдарламалары ана тілін оқытуды ғылыми жолға қоюға елеулі ықпал етті. Сонымен қатар халық ауыз әдебиеті нұсқаларын жинап, әдеби тіл тарихын зерттеумен айналысты.

«Қазақ диалектологиясының негізгі мәселелері» атты докторлық диссертациясында қазақтың әдеби тілі мен қазақ тілінің диалектілік негізін, оның қалыптасу тарихын, дамуын жан-жақты зерттеді, диалектілердің түркі тілдермен жақындығын, ру, тайпа, халық тілінің байланысын, даму жүйесін анықтады. Оның бұл еңбегі қазақ диалектологиясының, тіл білімінің бір саласы болып қалыптасуына негіз болды.

Жалпы тіл біліміндегі синтаксис мәселелерін: сөйлемге берілген анықтамаларды, сөйлем мүшелерінің табиғатын, сөйлеудің синтаксистік құрылымын, сөйлеу мен ойлау арасындағы қарым-қатынасты зерттеді. Ол сөз таптарының сөйлем мүшесі болу шарттары, сөйлемнің элементтері мен дәнекерлері, интонация, оқшау сөздер, шақ пен жаққа қатысты синтаксистік категориялар, құрмалас сөйлемнің пайда болу жолдары, үйірлі мүше жайында тың қорытындылар жасады. Құрмалас сөйлемнің «аралас құрмалас» деген түрін енгізді. С.Аманжолов қазақ тiлi мен тарихы жөнiнде бiр қатар оқу құралдарын жасады, қазақ жазуын реформалау жобасының авторы болды. Оны аса қызықтырған тағы бір мәселеө - Қазақстан жерiндегi тау-тастарға жазылған көне жазулар мен ру таңбалары еді.

Оның 200-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрді. Ғалым алғашқылардың бiрi болып қазақ мақалдары мен жұмбақтарын, «Бөгенбай батыр» жинағын шығарды. Сондай-ақ, қазақ тiлiнiң академиялық түсiндiрме сөздiгiн, қазақ тiлiнiң қазақша-орысша сөздiгiн жасауға басшылық еттi.

1939-1940 жылдары профессордың жетекшiлiк етуiмен қазақ әдебиетiнiң классигi Абай Құнанбаевтың толық шығармалар жинағы басылып шықты.